Қазақстан Халық Кеңесі «Халыққа жақын» жобасын бастады


Новости / 25 ноя 2026 4

Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен Қызылорда облысы Арал ауданында «Халыққа жақын» республикалық жобасы жұмысын бастады. Ауқымды жобаның мақсаты – халықпен тұрақты әрі тікелей диалог орнату, соның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді бір алаңда талқылап, нақты көмек ала алады. Қызылорда облысы – жоба іске асырыла бастаған алғашқы өңір. Алдағы уақытта бұл тәжірибені бүкіл елге тарату жоспарланып отыр, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Сапар барысында Халық Кеңесінің мүшелері Арал өңірінің еңбек ардагерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесті. Онда Президент реформаларын жүзеге асырудағы қоғамның рөлі, өңірді дамыту перспективалары және халықпен өзара байланыстың жаңа форматтары талқыланды.

Халық Кеңесінің мүшелері жоғары консультативтік органның мақсаттары, міндеттері мен өкілеттіктері туралы айтып берді. Конституциялық мәртебе берілген жаңа институттың құрылуы ел дамуының аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеуге азаматтардың қатысуына қосымша мүмкіндік береді.

Кездесуде Халық Кеңесі қызметінің практикалық қырлары да сөз болды. Негізгі бағыттардың қатарында азаматтардың өтініштері мен бастамаларын қарау, оларды сараптамалық тұрғыдан пысықтау, Үкіметке, Құрылтайға және Мемлекет басшысына ұсыныстар әзірлеу бар. Осылайша, тұрғындар көтерген, жүйелі сипаттағы мәселелер жалпыұлттық деңгейде талқыланады.

«Халыққа жақын» жобасы азаматтармен тікелей байланыс орнатуға ұйытқы болады. Кеңес мүшелері мен салалық министрліктер өкілдерінен арнайы мобильді топтар құрылды. Олар барлық облысты аралап, шалғай елді мекендерге барып, тұрғындарға жаңа институттың мүмкіндіктерін таныстырады, халықтың сұранысын зерделейді және мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты мәселелерді шешу жолдарын айқындайды. Осындай сапарлар барысында тұрғындар кеңес алып, мемлекеттік қызметтерді ешқайда бармай-ақ пайдалана алады және өз бастамаларын ұсынады.

Мобильді топтардың назарында жұмыспен қамту, жастарды қолдау, медицина мен білім берудің қолжетімділігі, интернетпен қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік және экология мәселелері болады. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын жайттар аудандық және облыстық әкімдіктермен бірлесіп пысықталады. Ал жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер салалық орталық мемлекеттік органдарға жолданады. Осылайша, жоба Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға зор септігін тигізбек.

Мобильдік топтардың сапарлары барысында атқарылған жұмыстың нәтижелерін жинақтау Халық Кеңесіне өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Халықпен тікелей байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейту үшін жоғары консультативтік органның қызметін цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Азаматтарға өтініштері мен бастамаларын мобильді қосымша арқылы жолдауға жол ашатын ақпараттық жүйені әзірлеу аяқталуға жақын. Кері байланыстың бірыңғай цифрлық арнасын құру тұрғылықты жеріне қарамастан, елдің барлық өңіріндегі тұрғындар үшін Халық Кеңесімен байланысуды қолжетімді етеді.

Сонымен қатар, Халық Кеңесі қызметінің маңызды бағытының бірі – Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын іске асыруға жәрдемдесу. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бастамасы, жаңа қоғамдық этика қалыптастыру, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты. Аралдықтар «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасын ерекше қолдап отыр.

Сапарды қорытындылаған Халық Кеңесінің мүшелері «Халыққа жақын» жобасы бүкіл ел көлемінде жұртшылықпен тұрақты байланыс орнату тетігіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Қызылорда облысында жинақталған тәжірибе жобаны басқа өңірлерде одан әрі дамытуға негіз болады.

Последние новости

Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

Тел: +7 777 471 71 40

e-mail: xaqmedia.kz@mail.ru

Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ74VPY00062329 выдано 30.12.2022

© xaqmedia.kz | Все права защищены.