Алматыда онкология орталығының құрылысы басталды
Алматыда 250 орындық онкология орталығы бар көпбейінді аурухана мен ауысымына 350 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталды. Жаңа кешен іске қосылғанда қала тұрғындары бір жерден толық тексеруден өтіп, онкологиялық ауруларды емдеуді қоса алғанда, барлық қажетті мамандандырылған көмекті ала алады.
Бүгін капсула салу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.
Салтанатты рәсімде министр онкологиялық аурулармен күрес денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Әрбір онкологиялық диагноздың артында адам тағдыры, отбасы, сауығып кетуге және толыққанды өмір сүруге деген үміт тұр. Сондықтан біз үшін жаңа орталықтың құрылысы – жай ғана ғимарат салу емес. Бұл – мыңдаған адамға көмектесуге, ауруларды уақтылы анықтауға және заманауи ем ұсынуға мүмкіндік», – деді министр.
Қазіргі уақытта диспансерлік есепте 38 мыңнан астам пациент тұр. Жыл сайын 3,5 мыңнан астам операция жасалады, олардың 70 пайыздан астамы – аз инвазивті әдістермен жүргізіледі.