Ақтөбеде «Әділет» партиясы отбасы, әйелдер мен балаларды қолдауға бағытталған бастамаларын таныстырды
Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін, оның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беріледі. Ақтөбеде әйелдер қауымымен кездескен «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сонымен бірге, отбасын қолдау, ана мен бала денсаулығы, әйелдер мен балалар құқықтары, әйелдер кәсіпкерлігі мен олардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуы мәселелерін талқылады.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Динара Зәкиева, Айжан Аймағанова, Ирина Тен, Ләззат Шыңғысбаева, Әлия Мәмбеталина және партияның өзге де өкілдері қатысты.
Форумды ашқан партия төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясы өз бағдарламасын Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформалардың заңды жалғасы ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Әділет» партиясы Мемлекет басшысының конституциялық реформаларын қолдайды және Конституцияда бекітілген әділеттілік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттарын нақты шешімдер арқылы жүзеге асыруды өзінің міндеті деп санайды. Сондықтан әйелдерді қолдау, балаларды қорғау және отбасы институтын нығайту – біз үшін негізгі басымдықтардың бірі», – деді Айбек Дәдебай.
Айта кетейік, партия Құрылтай депутаттығына ұсынған 186 кандидаттың 72-сі, яғни 39 пайызы әйелдер. Саяси ұйым әйелдердің Құрылтайда, мәслихаттарда, мемлекеттік қызметте және азаматтық қоғамда мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуын қолдайды. Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқықтарына қатысты заңнаманы жетілдіруге ниетті.
Форумның жеке бір бөлімі отбасы денсаулығы мен адами әлеуетті дамыту мәселелеріне арналуы да сондықтан. Партия денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде аурудың алдын алуды күшейтуді ұсынып отыр. Бұл ретте ана мен бала денсаулығына, репродуктивтік денсаулыққа, профилактикалық тексерулерге, бұқаралық спортты дамытуға және азаматтардың психологиялық әл-ауқатына ерекше көңіл бөлінеді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиеваның сөзінше, бүгінде әйелдер білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 80 пайыздан астамын құрайды. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндердің 48 пайызы – әйелдер, ал ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызметте олардың үлесі 42 пайызға жетеді. Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 11 заң қабылданған.
«Партия жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мүгедектікті проактивті түрде белгілеу жүйесін енгізуді, атаулы әлеуметтік ваучерлер жүйесін кеңейтуді, 8 оңалту орталығын ашуды және ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау бағдарламаларын жаңартуды ұсынады. Партия бағдарламасының негізінде әділеттілік қағидаты жатыр. Біз оның әрбір адамның, әсіресе қолдауға мұқтаж жандардың күнделікті өмірінде нақты жұмыс істеуіне күш саламыз», – деді Динара Зәкиева.
Сондай-ақ, бағдарламада балабақшаларда 79 мың жаңа орын және мектептерде 300 мың оқушы орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, 9 перинаталдық орталық ашып, барлық өңірде инвазивті емес диагностика орталықтарын құру жоспарланып отыр.
Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық бағытын таныстырған Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Шыңғысбаева қолжетімді тұрғын үй, профилактикалық медицина, бір миллион сапалы жұмыс орнын құру, орта бизнесті қолдау мәселелерін айта келе, партия әйелдер кәсіпкерлігін, оның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беретініне тоқталды.
«Кез келген отбасы үшін экономиканың басты көрсеткіші – әл-ауқат. Сондықтан партия шағын және орта бизнесті қолдауды, меншік құқығын қорғауды, әкімшілік кедергілерді азайтуды және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке жағдай жасауды көздейді», – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Әйелдерге құқықтық қолдау көрсету және бағдарламаның «Заң және тәртіп» бағытын іске асыру туралы Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ирина Тен мен Айжан Аймағанова баяндады. Олар әйелдердің, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, еңбек және әлеуметтік құқықтары бұзылған жағдайларда, құқықтық көмек пен қорғауды дер кезінде алу мүмкіндігі болуы тиіс екенін атап өтті.
Психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Мәмбеталина партияның психологиялық денсаулық мәселелерін өзінің саяси бағдарламасына алғашқылардың бірі болып енгізгенін ерекшелеп айтты.
«Әділет» партиясы психологиялық денсаулық мәселесін алғашқылардың бірі болып ашық көтеріп, оны өзінің саяси бағдарламасына енгізді және психологиялық әл-ауқатты басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Бұл – дер кезінде қабылданған әрі маңызды шешім», – деді форумға қатысушы Әлия Мәмбеталина.
Жиын соңында партия өкілдері барлық бастаманы бір ғана мақсат – әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру сапасын арттыру мақсаты біріктіретінін атап өтті.
Форумнан кейін Республикалық сайлауалды штабтың мүшелері Ақтөбе облысындағы жұмысын жалғастырды. Кандидаттардың мұнайшылармен, металлургтермен, кәсіпкерлермен, өңірдегі ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және креативті жастар өкілдерімен кездесулері жоспарланған.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.