«Әділет» партиясының мобильді керуені 1500 шақырым жүріп, үш облыстың тұрғындарымен кездесті
«Әділет» партиясының «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені тоғыз күн ішінде 1500 шақырымнан астам жол жүріп, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 12 ауданның тұрғындарымен кездесті.
Кездесулерге барлығы 1350 адам қатысып, партия кандидаттарына өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Кандидаттардың айтуынша, барлық ұсыныстар мен сұрақтар тақырыптар бойынша жүйеленіп, арнайы тізімге енгізілген.
Үш облыста көтерілген ортақ мәселелердің қатарында жол сапасы, ауыз су мен газ тарту, денсаулық сақтау, несие жүктемесі және «Ауыл аманаты» бағдарламасы болды. Сонымен қатар, әр өңірдің өзіне тән түйткілдері де айтылды.

Ақмола облысында тұрғындар көпбалалы отбасылардың несие алу қиындығы, зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау, алаяқтықтың алдын алу, жастарды ауылда ұстап қалу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін көтерді.
Бұл өңірге барған депутаттыққа кандидат Армангүл Тоқтамұрат, Еділ Хамза, Юлия Кучинская, Динара Садуақасова мен Ерқанат Мұсылманбек әрбір тұрғынның сұрағына жауап беріп, осы мәселелерді жіктеп, жазып алды.

«Біз келе сала мақсатымыз тұрғындарды тыңдау екенін айттық. Бәріміз осы өңірлерден шыққанбыз, бұл аудандарда жақындарымыз тұрады, сондықтан, осы елдімекендердің тағдырына бей-жай қарай алмаймыз», – деді кандидаттар.
Солтүстік Қазақстан облысында шекара маңындағы жұмыспен қамту, еңбекақы, әлеуметтік қолдау, байланыс сапасы мен денсаулық сақтау саласындағы мәселелер қозғалды.
Ал Қостанай облысында тұрғындар нақты инфрақұрылымдық жобаларға қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, су құбырларын жаңарту, елді мекендерді сумен қамту және облыстық маңызы бар жолдардың құрылысы сөз болды.

Партия өкілдері барлық ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, құзырлы органдардың қарауына жолданатынын мәлімдеді.
Мобильді керуен одан әрі жолға шығып, Қазақстанның басқа облыстарына аттанады. Жалпы, Қазақстан бойынша осындай алты мобильді керуен 24 шілде мен 18 тамыз аралығында 100 ауданды аралап, кемінде 10 000 тұрғынмен кездесуді көздеп отыр.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.