Алғашқы теледебат: Көрермендердің басым бөлігі «Әділеттен» келген кандидатты қолдаған


Новости / 30 июл 2026 53

«Qazaqstan» телеарнасында Құрылтай сайлауына түсетін жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы ұлттық теледебатта «Әділет» партиясы көпшіліктің қолдауына ие болды. Тікелей эфирдегі сауалнамада көрермендердің 67,1 пайызы «Әділет» партиясының кандидаты «ұнады» деп дауыс берген.

«Қазақстанның болашағы – адам капиталы» тақырыбындағы пікірсайыста партиялар білім беру, денсаулық сақтау, кадр даярлау, өңірлік даму, цифрландыру және еңбек нарығына қатысты ұстанымдарын таныстырды. Сондай-ақ бес кезең бойынша өткен теледебатта кандидаттар қарсылас партиялар мен көрермендер тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

«Әділет» партиясының атынан пікірсайысқа Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров қатысты. Ол өз сөзінде адам капиталы елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі факторы екенін айтып, партияның басымдықтары білім, денсаулық және қоғамдық құндылықтарға негізделгенін жеткізді.

«Тек қана білімді қоғам қуатты мемлекет құра алады. Сондықтан білімге салынған әрбір теңге – елдің болашағына салынған инвестиция», – деді кандидат Ренат Бектұров.

Сөз барысында Ренат Бектұров партияның алдағы бес жылда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыруды, мектептерде 300 мың, балабақшаларда 79 мың жаңа орын ашуды көздейтінін айтты. Пікірталас кезінде кандидат Қазақстанға білікті мамандарды тарту үшін визалық саясатты жетілдіру, шетелдік дипломдарды тану рәсімдерін жеңілдету, визалық қызметтерді толық цифрландыру және әділ бәсекеге негізделген экономикалық орта қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Ренат Бектұров өңірлердегі кадр тапшылығын шешуде мамандарды тартумен қатар, оларды тұрақтандырудың маңызын атап өтті. Бұл үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларын кеңейтіп, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып, өңірлердің сұранысына сай кадр даярлау қажет екенін айтты.

Партияаралық пікірталас барысында «Ақ жол» партиясының өкілі Олжас Нұралдинов жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізуге қатысты сауал қойды. Ренат Бектұров өз жауабында жаңа технологиялардың мақсаты мемлекеттік қызметкерлерді алмастыру емес, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру екенін айтты.

«Жасанды интеллектіден қорқудың қажеті жоқ. Ол жаңа мамандықтардың пайда болуына және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасының артуына мүмкіндік береді», – деді ол.

Қорытынды сөзінде кандидат пікірсайыстың негізгі идеясын түйіндеп, Қазақстанның болашағы адам капиталының сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар партияның жастар саясатына қатысты айтылған сынға жауап берді.

«Бүгінгі теледебатта біздің партиямызда жастар қанаты жоқ деген мін айтылды. Бірақ іс жүзінде еліміздегі ең үлкен жастар ұйымдары – «Жастар рухы», «Дала қырандары», «Жаңа адамдар» «Әділет» партиясын қолдап, біздің партиямызға қосылып отыр. «Әділет» партиясының Құрылтайға үміткерлерінің тізіміндегі 20-ға жуық адам Президенттік жастар кадрлік резервіне мүше азаматтар. Осынша жас басқа қай партияның тізімінде бар? Сондықтан да біз тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде жастарға мүмкіндік жасап отырмыз», - деді Ренат Бектұров.

Ренат Бектұров жоғары деңгейде дайындалған – сарапшы Теледебат қорытындысы бойынша пікір білдірген саясаттанушы Жақсыбек Жиенәлиев «Әділет» партиясы жастар саясатына қатысты ұстанымын жүйелі әрі дәйекті көрсете алғанын айтты. Ол Ренат Бектұров өз сөзінде популистік уәделерге емес, жастардың әлеуетін ашуға бағытталған нақты тетіктерге басымдық бергенін атап өтті.

«Ренат Бектұровтың пікірталасқа жоғары деңгейде дайындалғаны байқалды. Ол өз ұсыныстары мен дәлелдерін нақты деректерге сүйеніп жеткізді. Мәселен, жастардың цифрлық дағдыларын дамыту үшін 500 мың оқушы мен студентті Enbek.kz платформасы арқылы жұмыс іздеу дағдыларына оқыту жоспарланған. Сонымен қатар микробіліктіліктерді мойындау тетіктерін енгізу жас мамандардың алған білімін жылдам растауға және еңбек нарығына тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ партия 2031 жылға қарай жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген азаматтардың жұмысқа орналасу үлесін 65 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл – өршіл әрі экономикалық тұрғыдан негізделген көрсеткіш», - деді Жақсыбек Жиенәлиев.

Айта кетейік, Теледебат барысында көрермендер экранда көрсетілген QR-код арқылы онлайн сауалнамаға қатысып, пікірсайысқа қатысушылардың ұстанымдарын бағалады. Сауалнаманы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша Орталық сайлау комиссиясында аккредиттелген «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізді. Тікелей эфирдегі сауалнамаға 21 334 адам қатысқан. Нәтижесінде респонденттердің 67,1 пайызы «Әділет» партиясының ұстанымын қолдады. Ал пікірсайыс барысында келіп түскен сұрақтардың көп бөлігі әлеуметтік мәселелер жөнінде болған.

Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Последние новости

Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

Тел: +7 777 471 71 40

e-mail: xaqmedia.kz@mail.ru

Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ74VPY00062329 выдано 30.12.2022

© xaqmedia.kz | Все права защищены.